Денсаулық

Бастама мен бағыт

Қызмет көрсету саласының ішінде медициналық қызмет қай уақытта да сұранысқа ие. Қазір Ақтөбе қаласында жеке медициналық мекемелер көп. Олардың арасындағы бәсекелестік сапаны арттырады. Мемлекеттік бағдарламалар осы саланы  жандандыруға өз септігін тигізуде. Соның бірі — Ақтөбедегі «Белый Аист» отбасылық ақпараттық-кеңес беру орталығы. Орталық басшысы Әлия Байболатова М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің емдеу факультетін акушер-гинеколог мамандығы бойынша  бітірген. Алғашқы еңбек жолын қалалық перзентханадан бастайды. Осы жерде он жыл жұмыс жасап, тәжірибе жинақтайды. Кейін өзі жеке емдеу мекемесін ашуды ойлайды. Осылайша бір бөлмені жалға алып, «Белый Аист» деп аталатын болашақ аналарға арналған мектептің жұмысын бастап кетеді.

—  Ісім сәтті басталды. Әйелдер көптеп келе бастады. Бірақ көп ұзамай пәтер иесі бөлменің ақысын көтерді. Ғимарат мәселесін шешпесем, шаруаның алға баспайтынын түсіндім. Тығырықтан шығудың  түрлі жолын қарастырдым. Соңында жеке мүлкімді сатып, барлық жинаған қаражатымды қосып аумағы 345 шаршы метр болатын коммерциялық ғимаратты сатып алдым. Алайда жұмыс жүру үшін заманауи медициналық құрал-жабдықтар қажет. Ең алдымен ультрадыбыстық аппарат сатып алуым керек болды. Сөйтіп, «Даму» қорының кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына хабарластым. Бұл жерде мамандар толық ақпарат берді, — дейді Әлия Байболатова.

Қажетті құжаттарын жинаған соң Әлия«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында кепілдікті пайдалана отырып, «АТФ Банк» АҚ арқылы қаражатқа қол жеткізеді. Ақша қолға тиген соң керек құралдарды сатып алады. Қазір орталық қауіпсіз босану, емізу, үйдегі қауіпсіз орта, Доулой босану кезіндегі сүйемелдеу қызметі секілді бағыттар бойынша көмек көрсетеді. Әлия Байболатова аталған бағдарламаның кәсіп бастағандар үшін тиімділігі өте көп екенін айтады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button